Вячеслав Локшин, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, РАМТ академигі, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, PERSONA халықаралық репродуктология клиникалық орталығының бас директоры, Халықаралық репродуктология академиясының президенті.
2021 жылы Ш.Кәрібаевамен бірлескен авторлықта «Бес минут, немесе Бақыт технологиясы» ғылыми романы жарық көрді, ЭКСМО, Мәскеу.
2021 жылы Л.Г. Круглякпен бірлескен авторлықта «Біз нәресте күтудеміз» ғылыми-көпшілік кітабын шығарды, баспасы: Крылов.
 

Менің өмір қағидаларым
Негізгі ереже - өзіңізге көңіл толмау. Бұл ғылыммен айналысатын, өз ұжымына жауапты адамдар үшін маңызды. Бүгін сіз мақсатыңызға жетіп бақытты болдыңыз, ал ертең сіз одан да көбірек және жақсырақ жасай алатыныңызды көресіз. Егер адам өмірден ештеңе қаламаймын десе, оның өмірі жақында аяқталуы мүмкін, сондықтан жалғастыру және жеңу үшін өмір сүру керек.
Мен үшін өзіме сену және емделушілерге, қызметкерлерге, оқушыларға сенім ұялату маңызды. Ал бәрі қозғалып, жұмыс істегенде, бұл бақыт әкеледі.
 
Сіздің жеке өсуіңізге не көмектесті - қиындықтар мен сынақтар немесе басқа нәрсе ме?
Бірнеше құрамдас шығар, соның ішінде генетика және өзін-өзі тәрбиелеу. Мен әрқашан да мақсатыма жетуді жақсы көретінмін. Менің ойымша, егер сіз қандай да бір істі қолға алсаңыз, оны соңына дейін жеткізу керек. Табиғатымнан мен перфекционистпін, менің ойымша, медицинада әрбір дәрігер осы қасиетке ие болуы керек, ал мамандықты дәл биігіне дейін меңгеруі қажет. Көп тәжірибеден өттім, еңбек жолымды тағылымгер-зерттеуші, көмекші болып бастадым, Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым, кейін Кеңес Одағының жетекші медициналық клиникаларында жұмыс істеп, оқып үйрендім.
Мен бір жұмысты көп жылдар бойы орындауға болатынын елестете алмаймын.
Өзіңізге де, әріптестеріңізге де, емделушілер мен студенттерге де қызықты болу үшін үнемі бірдеңе ойлап табу қажет. Бүгінгі күні мен PERSONA репродуктивті клиникасын құруды жұмысымның шыңы деп санаймын.
Менің ойымша, сен істеп жатқан іс бір уақытта жұмыс және хобби болса, онда қолыңнан бәрі оңай келеді.
 

 

 
 
Егер сіз әлемдегі ең беделді адам болсаңыз, нені өзгертер едіңіз?
Мен халық өте кедейлер мен өте байларға бөлінбес үшін адамдарды қалай бақытты етуді ойлайтын едім. Барлық отбасылардағы береке, тепе-теңдік пен келісім, бейбітшілік, парасаттылық пен ғылымның салтанат құруын жақтаймын.
 
Егер сіз бір күнді қайта-қайта сүре алсаңыз, сол күні не істегенді қалайтын едіңіз?
Мен оны жақындарыммен өткізер едім.
 
Сіз қандай дағдыны үйренгіңіз келеді және неге?
Кәсіби түрде ән айтып, сурет салу және шығармашылықты өмірімнің бір бөлігіне айналдыру.
 
Соңғы рет қашан өзіңіз үшін жаңа әрекет жасап көрдіңіз?
Ғылым мен тәжірибеде біз мұны үнемі жасап, жаңа тәсілдемелерді, жаңа жабдықтарды сынап жатамыз. Демалуға келетін болсақ, бұл әуе шарында ұшу, яхтаны басқару болатын еді.
 

 

 
 
Кез келген жерге бару мүмкіндігіңіз болса, қай жерді таңдар едіңіз және неге?
Мен планетамыздың көптеген бөліктерін араладым. Бірақ, қайтып барғым келетін жер бар. Бұл Аустралия. Неліктен? Ғажайып ел, таңғажайып жан-жануарлар, табиғат, және ең бастысы ғылымы, экономикасы, өнеркәсібі жоғары дамыған жағдайда қоғамның әділетті құрылуы. Әділдік орнаған қоғам, өкінішке орай, мұндай орындар өте аз.
 
Сізді не шабыттандырады?
Жақындарымның жетістіктері, отбасымның амандығы, кәсіби маман ретінде маған деген сенімі. Шәкірттерімнің өз мақсаттарына жеткені мені қуантады.
 
Соңғы екі жыл барлығы үшін өте қиын болды. Егер сіз бүкіл әлемге хабарлама жібере алсаңыз, не айтар едіңіз?
Біріншісі – оптимизмді жоғалтпау.
Екіншіден, әрқашан ғылымның жетістіктеріне бейімделу, ғылымда табыстарға қол жеткізген мамандарды тыңдау. Немқұрайлылықпен ештеңе істеуге болмайды, өзіңізді инфекциялардан немқұрайлы түрде қорғай алмайсыз, вакцинация төлқұжатын сатып алуға болмайды, мұның бәрі ауыр зардаптарға әкеледі.
Кейін жанға батпайтындай және ауыр болмас үшін жұмыс істеп дұрыс өмір салтын ұстану қажет, бір күнмен өмір сүрмеу, жақын адамдар үшін ештеңе аямау.
Ең бастысы, өзіңе деген сенімді жоғалтпау, өйткені бұл өмірдің соңына апаратын жол.