Алмаз Шарман, қазақстандық және американдық медицина ғалымы, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка Денсаулық Қауымдастығының мүшесі.
 
Менің өмір қағидаларым
Отбасылық құндылықтар, ішкі әлем және әлеуметтік жауапкершіліктер арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, үйлесімділікті іздеу. Өмірдің барлық жолдары бір-бірімен байланысты және бұл жерде шекараны ажырату мүмкін емес. Талантты жүзеге асыру және тепе-теңдікті сақтау – бұл өнер. Оны орындау қиын, бірақ оған ұмтылу керек. 
 
Сіз үшін беделі зор адам кім және неге?
Менің жолым болды деп ойлаймын, өйткені мен үшін ең беделді адам – 12 жыл Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі болған әкем, академик, профессор Төрегелді Шарманұлы Шарманов, ол еліміздің жүздеген мың адамына көмек көрсетті. Туылғанымнан бүгінгі күнге дейін менің рухани-адамгершілік қалыптасуыма, жеке тұлғамның зияттық дамуына қосқан үлесі тұрғысынан әкем мен үшін беделді болды және солай болып қала береді. Қазір бұл рөлдерді жиі ауыстырғанымызбен, мен де ол үшін беделді адаммын. 90 жасында ол маған кеңес алу үшін жиі жүгінеді, менің көзқарасыма қызығушылық танытады.
Өмір өте келе беделді ата-ананың қатарына балаларым, ұлдарым да қосылды. Мен оларға, жастарға еліктеймін, өйткені олар озық, өмірге деген көзқарастары мүлде басқа. Балаларыма сәйкес келуге тырысамын. Үлкен ұлым Сан-Францискода тұрады, автомобиль өнеркәсібінде жасанды зияттықпен айналысады, ал ең кішім Нью-Йоркте – қаржылық кеңесші болып жұмыс істейді
Уақыт өте келе бедел де өзгереді. Бұл өмірдің диалектикасы...

 

 
Сіз естіген ең дана ой қандай болды?
Бұл әкемнің сөзі:  «Сәттілік – кеңдіктегі бақыт, ал сәтсіздік – тереңдіктегі бақыт». 
Айтылған сөздің толық мағынасын кейін түсіндім. Әрине, жол болғанда, сәттілік кезінде, мүмкіндіктер көкжиегінің ауқымы кеңейеді, бірақ сәтсіздіктер бәріне қайта ойланып қарауға әкеледі: өмірге, жұмысқа, қарым-қатынасқа көзқарасты өзгертеді. 
Адам жігерлі болса, қателесу – қалыпты жағдай.
Мен өзімнің сәтсіздіктерім мен қателіктерім туралы айтқанды ұнатамын.
 
Өміріңізде не істемегеніңізге өкінесіз?
Әрине, өкініштер бар. Бұл өмір ғой, сөзсіз сенімділік пен толық қанағат жоқ. Өткенге қарасаң, мен бұл жерде басқаша әрекет еткен болар едім, бұл жобаға көбірек көңіл бөлер едім деп ойлайсың. Талдау жасау қажет, бәлкім, сол кезде басқа басымдықтар болған шығар.
Менің кәсіби жолым ата-анамның және басқа да жақын адамдарымның зияткерлік, рухани инвестициясының арқасында өте сәтті дамыды деп есептеймін. 
 
Басқалардан іздейтін басты қасиет қандай?
Жауапкершілік пен адалдық. Жауапсыздық пен немқұрайлылық көңілімді қалдырады, олар басқа қасиеттерді жоққа шығарады.

 

 
5 жылдан кейін қайда болғыңыз келеді?
Мені керексінетін жерде. Мен үшін отбасылық құндылықтар мен жеке амбициялардың теңгерімін сақтау маңызды. Өмірдің әр кезеңінде кез келген адам үшін бір нәрсе басым болады, бәрін үйлесімді түрде біріктіру өте қиын. 
 
Жас кезіңізде өзіңізге не тілер едіңіз?
Жастық кезден ләззат алу. Бұл таңғажайып кезең. Америкалықтар менің қазіргі жасымды береке кезеңімен салыстырады. Шынында да: балалар өсті, ата-аналар жанымда, ал өзің жақсы көретін, өзіңе ұнайтын нәрсені жасай аласың. Бірақ бұл берекені ақтау қажет. Мен берекелік жастың рахатын көретіндей өмір сүргім келеді.